
2 желтоқсан күні “Жанұя” отбасын қолдау орталығында “Зорлық-зомбылықсыз 16 күн” атты Республикалық акция аясында “Ашық есік” күні ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – орталықтың жұмысымен жақын таныстырып, тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмектің маңызын кеңінен түсіндіру.
Іс-шараға Алакөл аудандық полиция бөлімінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тобы, білім беру және денсаулық сақтау саласының өкілдері, әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен аудан жастары қатысып, жалпы саны 30-дан астам адам бас қосты.

Кездесуді орталықтың құрылымдық бөлім басшысы Алмат Есенбеков ашып, “Жанұя” орталығының негізгі қызмет бағыттары, мақсат-міндеттері және қоғамдағы рөлі туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол орталықтың отбасылық дағдарыстарды жеңілдету, зорлық-зомбылықтың алдын алу, әлеуметтік осал топтарды қолдау, балалар мен жасөспірімдерге уақытылы көмек көрсету бағытында атқарып жатқан жұмыстарын атап өтті. Сонымен бірге мамандардың күнделікті қызметі, қызмет алушылармен жүргізілетін жеке және топтық жұмыстардың ерекшеліктері түсіндірілді.
Шара барысында қонақтар орталықтың ішін аралап, жұмыс кабинеттерімен, кеңес беру бөлмелерімен, балаларға арналған бөлмемен, психолог пен заңгердің қабылдау бөлмелерімен танысты. Бөлім басшысы әр бөлменің қызметін түсіндіріп, қызмет алушылар үшін жасалып жатқан жағдайларды баяндап өтті.
Қатысушылар орталық ішіндегі жайлы атмосфера, қызмет алушыларға жасалған жағдай, мамандардың кәсібилігі мен жұмысқа деген жауапкершілігіне жоғары бағасын берді. Тұрғындар мұндай орталықтың аудан өміріндегі маңызы зор екенін айтып, көрсетілген қызметтердің қолжетімді әрі пайдалы екендігін ерекше атап өтті.

