Достық ауылдық округінде мобильді топ мүшелерімен кездесу өтті

Достық ауылдық округінде “FSM social” бағдарламасы арқылы сигнал жіберу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әлеуметтік әлсіз отбасыларға қолдау көрсету мақсатында мобильді топ мүшелерімен кездесу өткізілді.

Мобильді топ құрамына жергілікті әкімдік өкілдері, учаскелік полиция инспекторы, учаскелік медицина қызметкері, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлер қамтылған.

Кездесу барысында орталық директоры Садиев Алмат Тезекбайұлы ауылдағы қиын өмірлік жағдайға тап болған және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларды ерте кезеңде анықтау, оларға дер кезінде көмек көрсету, сондай-ақ тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, әрбір маманның жауапкершілік аясындағы міндеттері нақты айқындалып, өзара іс-қимылды күшейту жолдары талқыланды.

Орталықтың әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Айжан Асланқызы қатысушыларға “FSM social” бағдарламасы арқылы отбасылар туралы мәліметтерді енгізу, деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету және шұғыл жағдайларда сигнал беру тәртібін жан-жақты түсіндірді. Бағдарламаны тиімді пайдалану арқылы көмекке мұқтаж отбасыларды жедел анықтап, тиісті шараларды уақытылы қабылдаудың маңыздылығы айтылды.

Кездесу соңында қатысушыларға “Жанұя” отбасын қолдау орталығының қызметі туралы ақпараттық буклеттер таратылып, орталық тарапынан көрсетілетін қызмет түрлері таныстырылды.

Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Мәліметпен бөлісу: