“Жағаталдың жайсандары” – ауыл ақсақалдарына арналған мерейлі мереке

Алакөл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Жағатал ауылдық округінің ұйымдастыруымен “Жағаталдың жайсандары” атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті.

Шараға Жағатал ауылдық округінің әкімі Қайрат Тұрлыбеков, ауылдың ардагерлері, еңбек майталмандары, белсенді азаматтар және аудандық орталық мамандары қатысты. Мерекенің шымылдығы Жағатал ауылдық округінің тыныс-тіршілігін бейнелейтін әсерлі бейнероликпен түрілді.

Салтанатты жиында ауыл әкімі Қайрат Тұрлыбеков құттықтау сөз сөйлеп, ауылдың бүгінгі жетістіктері мен жоспарланған игі істері туралы баяндады. Ол өз сөзінде ауылдың берекесі мен бірлігін арттыруда үлкендердің ақ батасы мен ақыл-кеңесінің маңызы зор екенін атап өтті.

Шара барысында “Адал азамат” атты сурет және кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрермен назарына Жағатал ауылдық округінің белсенді тұлғалары мен олардың өмір жолынан сыр шертетін тың материалдар ұсынылды. Сондай-ақ, қазақы дәм мен ұлттық нақышта жайылған дастархан шараның ажарын аша түсті.

“Жанұя” отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Алмат Садиев ауыл тұрғындарына ризашылығын білдіріп, орталықтың есігі әрдайым ашық екенін және мұндай жылы кездесулер қарияларға қуат беретінін атап өтті.

Мерекелік жиын ауылдың өнерпаз жастары мен ақ жаулықты әжелердің концерттік бағдарламасымен жалғасып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ән мен күйге, ізгі тілектерге толы бұл шара ауылдық ынтымақ пен сыйластықтың жарқын үлгісіне айналды.

Кездесу соңында қатысушылар қазақы қонақжайлылық дәстүрімен жайылған дастарханнан дәм татып, бір-біріне ақжарма тілектерін арнады.

Мәліметпен бөлісу: