
«111» жедел қызметіне түскен қоңырау негізінде «Жанұя» отбасын қолдау орталығының мамандары жедел түрде Қабанбай ауылына барып, А. есімді азаматшаға қажетті көмек көрсетті.
Жүздесу барысында қызмет алушының денсаулық жағдайының күрт нашарлағаны, ішкі күйзеліске түскені, сондай-ақ психоэмоционалдық көңіл-күйінің тұрақсыз екені анықталды. Аталған жағдайды ескере отырып, орталық мамандары тарапынан шұғыл әрі кешенді қолдау көрсету жұмыстары ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, қызмет алушыға әлеуметтік және психологиялық бағытта кеңес беріліп, эмоционалдық ахуалын тұрақтандыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Денсаулық жағдайын жан-жақты тексеру және қалпына келтіру мақсатында азаматша Қабанбай ауылдық орталық ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлердің толық медициналық тексеруінен өткізілді. Дәрігерлік қорытындыға сәйкес, қызмет алушы стационарлық ем қабылдау үшін орталық ауруханаға жатқызылды.
Қазіргі таңда қызмет алушы «Жанұя» отбасын қолдау орталығы мамандарының тұрақты бақылауында. Сонымен қатар, медициналық мекеме тарапынан күнделікті ем-шаралар жүргізіліп, оның денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталған тиісті жұмыстар жалғасуда.
«Жанұя» отбасын қолдау орталығы алдағы уақытта да қызмет алушының жағдайын назарда ұстап, қажетті әлеуметтік, психологиялық және өзге де қолдау түрлерін көрсетуді жалғастырады.

