
Тоқжайлау ауылдық округінде орналасқан Тоқжайлау көпсалалы колледжінде студенттермен кездесу ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – жастар арасында отбасы құндылықтарын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, сондай-ақ жасөспірімдердің психологиялық мәдениетін қалыптастыру болды.
Кездесуге “Жанұя” отбасын қолдау орталығының құрылымдық бөлім басшысы Алмат Есенбеков, әлеуметтік маман Айжан Мұратова және орталық психологі Жанар Арнаева қатысып, жастармен ашық әңгіме өрбітті.
Мамандар студенттерге орталықтың қызметі мен бағыттары туралы кеңінен баяндап, отбасы – қоғамның берік іргетасы екенін атап өтті. Сондай-ақ ата-ананың тәрбиедегі рөлі, жасөспірімнің жауапкершілігі мен өзіне сенімі, психологиялық көмек алудың маңызы, және жастар арасындағы сыйластық мәдениеті жайында жан-жақты түсіндірме берілді.

Кездесу барысында студенттер өз ойларын ортаға салып, мамандарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Әңгіме еркін форматта өрбіп, жастар мен мамандар арасында жылы диалог орнады.

