
Алакөл ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Сталкингті тоқтат: қауіпсіздік – әр адамның құқығы» тақырыбында аудандық форум ұйымдастырылды.
Форумның негізгі мақсаты – қоғамда жүйелі қудалау фактілерінің алдын алу, азаматтардың өз құқықтарын білуіне және қорғай алуына ықпал ету, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.
Форумның арнайы қонағы ретінде Жетісу облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Байгозинов Серік Өмірханұлы қатысып, сталкингпен күрес бағытындағы құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысына тоқталды.
Форумның алғы сөзі «Сталкинг – адамды жүйелі қудалау және қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қауіп» тақырыбында аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Абдильдаев Азамат Мұратұлына беріліп, сталкингтің қоғамға тигізетін кері әсерін және құқықтық жауапкершілік тетіктерін түсіндірді.
Сондай-ақ сөз кезегі Алакөл ауданы прокуратурасының прокуроры Ондабаев Ерасыл Қыдырбайұлына беріліп, ол заң аясындағы жауапкершілік, азаматтардың құқықтарын қорғау жолдары туралы баяндады.
«Сталкингтің алдын алу – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыты» тақырыбында «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры, облыстық мәслихат депутаты Садиев Алмат Тезекбайұлы баяндама жасап, Сталкингтің қоғам өміріндегі әсері, орталықтың сталкингті алдын алу және қолдау бағытындағы атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
Форум барысында аудандық орталық аурухананың психологы Әліпбекова Әйгерім Әліпбекқызы сөз сөйлеп, сталкингтің психологиялық салдары, жәбірленушілерге көрсетілетін психологиялық қолдау мен оңалту жұмыстары жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Жиын барысында қатысушылар арасында ашық пікір алмасу алаңы ұйымдастырылып, сұрақтар қойылып, нақты ұсыныстар айтылды.
Форум қорытындысы бойынша халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, сталкингтің алдын алу шараларын күшейту, мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмысын жандандыру бағытында бірқатар ұсыныстар қабылданды.

