Сапақ ауылында кездесу өтті

Сапақ ауылдық округіне қарасты Сапақ орта мектебінде жоғары сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақ арасында отбасы құндылығын насихаттау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, буллинг пен әлімжеттікке қарсы мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ жасөспірімдердің психологиялық тұрақтылығын арттыру болды.

Кездесуге “Жанұя” отбасын қолдау орталығының құрылымдық бөлім басшысы Алмат Есенбеков, әлеуметтік маман Айжан Мұратова және орталықтың психологі Жанар Арнаева қатысып, өз салалары бойынша мазмұнды баяндама жасады.

Баяндамалар барысында қатысушыларға орталықтың қызмет бағыттары мен атқарып жатқан жұмыстары туралы кеңінен ақпарат берілді. Мамандар отбасы институтының қоғамдағы орнына тоқталып, отбасындағы әке мен ананың жауапкершілігі, баланың тәрбиедегі рөлі, өзара сыйластық пен сенімнің маңызы жөнінде түсіндірді. Сонымен қатар, суицидтің алдын алу жолдары, психологиялық көмек алу тәсілдері, және жастар арасындағы буллингке төтеп беру мәдениеті тақырыптары да қозғалды.

Кездесу барысында оқушылар өз ойларын ашық айтып, мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Еркін пікір алмасу нәтижесінде жастарға отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінудің, өзара түсіністік пен қамқорлықтың маңызы кеңінен түсіндірілді.

Мәліметпен бөлісу: