
«Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Алмат Садиев пен әлеуметтік сала жөніндегі бас маман Айжан Мұратова Amanat партиясының Алакөл аудандық филиалының штаб мүшелерімен бірлесе отырып, алдағы референдумға байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесуге қала тұрғындары, спорт саласының өкілдері және Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкерлері қатысты. Жиынның басты мақсаты – референдумның мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру, оның ел дамуына қосар үлесін ашып көрсету және азаматтардың саяси белсенділігін арттыру болды.
Кездесу барысында спикерлер референдум – халықтың өз таңдауын білдіретін, мемлекет тағдырына тікелей ықпал ететін маңызды демократиялық құрал екенін атап өтті. Ұсынылып отырған бастамалардың елдің тұрақты дамуына, қоғамдық келісімді нығайтуға және құқықтық мемлекетті одан әрі жетілдіруге бағытталғаны жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар, жиын барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, референдумның өткізілу тәртібі, оның заңдық негіздері мен күтілетін нәтижелері жөнінде кеңінен ақпарат ұсынылды. Әсіресе жастар мен спортшылардың белсенділігі ерекше аталып, олардың ел болашағына бейжай қарамай, қоғамдық үдерістерге атсалысуы маңызды екені айтылды.

