
“Жанұя” отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығына Алакөл ауданының Құрметті азаматы Жеңіс Жұманов өзінің авторлық “Найман-Қаракерей. Жаңбыршы руының шежіресі” атты кітабын сыйға тартты.
Кезінде елі, халқы үшін көптеген құрылыстар салғызып, жұрттың алғысына бөленген азамат Жеңіс Жұманов Жаңбыршы руы ақсақалдарының сұрауы бойынша шежіре жазуды қолға алады.
Екі жылға жуық уақытта Жеңіс атамыз көп ізденіп, ата-баба тарихын жақсы білетін азаматтардың басын біріктіріп, қолға алған жауапты да қастерлі істің абыройлы жүргізілуіне іскер басшылық жасап, осы шежіренің жинақтап жазылуына және оны баспаға әзірлеуге мүмкіндік туғызып, өзінің зор үлесін қосты.
Әрине, ол жазушы да, ақын да, әдебиетші де емес. Бар болғаны жоғары білімді ауыл шаруашылығы маманы. “Ақын болу міндет емес, азамат болу — парыз” демекші, ата-баба рухы үшін перзенттік бір борышты өтеуге бел шешкен айтулы тұлға.
Айта кетерлігі, жуырда Жеңіс атамыз “Қонаевтың Алакөлге соңғы сапары”, “Қойнауы тарих қасиетті өлке” атты кітабін де сыйға тартқан еді.
—

