
Наурызнама онкүндігінің аясында Алакөл ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ұлттық салт-дәстүрді ұлықтаған «Көрісу күні – Амал мерекесі» кең көлемде аталып өтті.
Мерекелік шараға орталықтың белсенді зейнеткерлері атсалысып, халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан көрісу дәстүрін ерекше ықыласпен көрсетті. Екі ауылдық округтің аналары мен ақсақалдары қазақы салтқа сай амандасып, көрісудің түрлі үлгілерін сахналық көрініс арқылы таныстырды. Сонымен қатар, ұлттық ойындар дәріптеліп, қазақтың дәстүрлі ат қою рәсімі көрермен назарына ұсынылды.
Іс-шараның алғы сөзін орталық басшысы Алмат Тезекбайұлы алып, Наурыз мерекесінің маңызы мен берекесі жайында жылы лебізін білдірді. Мерекеге арнайы қатысқан Алакөл аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатай Бекболатов ақсақал және Үшарал қаласының әкімі Айдар Абишев көпшілікке ақжарма тілектерін айтып, барша қатысушыларды Амал мерекесімен құттықтады.
Шара барысында қара шаңырақтан құрылған «Ақ әжелер» ансамблі әуелете ән шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ Алакөл аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Дидар Кішікбаев пен Назия Исаева әсем әндерін орындап, мерекелік кештің сәнін келтірді.

