
2025 жылдың 21 қараша күні Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ардагерлері үшін ерекше мазмұнды, руханиятқа толы күн болды. Қарттарымызды М.Мыңбайұлы атындағы орта мектептегі “Мұхаметбай әлемі” мұражайына арнайы апарып, тұлға тану, тарихты түйсіну және өткенге тағзым ету мақсатындағы танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Мұражай табалдырығын аттаған сәттен бастап, жиылған қонақтарды мұражай директоры Аханова Айгүл Әлменқызы жылы жүзбен қарсы алды. Ол ардагерлерге Мұхаметбай Мыңбайұлының өмір жолына қатысты құнды деректерді, тұрмыстық заттары мен киім-кешектерін, шығармашылық және еңбек мұрасын жан-жақты таныстырып, тұлғаның ел үшін сіңірген еңбегін кеңінен баян етті. Әр экспонаттың мағынасы мен мәнін түсіндіре отырып, Мұхаметбай ағамыздың өміршең ойлары мен тағылымды ұстанымдарын ардагерлерге жеткізді.

Экскурсия барысында қарттарымызға Мұхаметбай Мыңбайұлының еңбегіне арналған бейнеролик ұсынылды. Онда замандастарының, еңбек адамдары мен қоғам белсенділерінің жүректен шыққан жылы лебіздері, естеліктері және тұлғаның елге жасаған игі істері көрініс тапты. Бұл бейнематериал қарттарымызға ерекше әсер қалдырып, әрбірінің жүрегінде терең толғаныс тудырды.
Айгүл Әлменқызы ардагерлерімізге Мұхаметбай Мыңбайұлының екі томдық қазақ және орыс тіліндегі кітаптарын естелік ретінде табыстап, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, “Жанұя” отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Садиев Алмат Тезекбайұлына қарттарды мұражайға бастап барғаны үшін алғыс айтып, орталыққа тұлға туралы құнды кітапты сыйға тартты.
Шара барысында жиналған қарттарымыз Мұхаметбай ағамыздың тірі кезіндегі адамгершілігін, елге жасаған қамқорлығын, халыққа жасаған жақсылығын еске алып, өздерінің жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қарттар жетекшісі, суретші Қанатай Иманғалиев ағамыз да өзінің арнайы шығарған өлең жолдарын оқып, шараның сәнін келтірді.
Бүгінгі экскурсия тек мұражай аралау ғана емес, рухани серпіліс, жүректі жылытқан, көкейге ой салған тағылымды кездесу болды. Олар тарихи мұрамен танысып, Мұхаметбай ағамыздың бай дәстүрін, өнегелі өмір жолын көзбен көріп, көңілге тоқығандарына дән риза болып қайтты.

