
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Ақтүбек ауылдық округінің ұйымдастыруымен “Бата – тәрбие бастауы” атты тәрбиелік мәні зор іс-шара өтті. Шараның мақсаты – ата-бабамыздан келе жатқан ұлттың рухани байлығы – бата дәстүрін дәріптеу, жастар бойына ізгілік пен адамгершілік қасиеттерін сіңіру.
Іс-шара барысында орталық директоры Алмат Садиев қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, осындай мазмұнды шаралардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі ерекше екенін атап өтті.
Мектеп оқушылары Қ.Ниязов, М.Омарбеков, М.Жақыпбекұлы, Т.Сәдиев сынды Алакөл ауданының ардақты азаматтары мен еңбек ардагерлерінің баталарын жатқа айтып, көрерменнің ықыласына бөленді. Жас буынның үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін дәріптеген бұл көріністер көпшілік көңілінен шықты.

Мерекелік кеш соңы Ақтүбек ауылдық мәдениет үйі өнерпаздарының әсем ән мен күйге толы концерттік бағдарламасымен жалғасып, ерекше рухани әсер сыйлады.

