
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Алтын күз» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Жиын әуенмен басталып, жүргізушілер қонақтарды салтанатты түрде қарсы алды. Шараның шымылдығы күздің сұлулығын бейнелейтін «Күз ханшайымының сәлемімен» ашылды. Ол жиналғандарға береке мен молшылық тілеп, жеміс-жидек себеттерін тарту етті.
Мерекелік бағдарлама аясында қатысушылар күз туралы өлеңдер оқып, әндер шырқап, халық әндерін хор болып орындады. «Күзгі вальс» биі де көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, «Күзгі дастарқан молшылығы» атты композициялар байқауы, мақал-мәтелдер шеруі және «Алтын күз аруы» сән көрсетілімі өткізіліп, үздіктерге арнайы номинациялар табысталды. Қолөнер көрмесінде табиғи өнімдерден жасалған сәндік бұйымдар мен жапырақтардан дайындалған аппликациялар қойылып, қатысушылар өз еңбектерін таныстырды.

Кеш соңында қатысушылар «Қара жорға» биін билеп, ән айтып, шаттыққа бөленді. Қонақтарға алғыс айтылып, шағын сыйлықтар табысталды.

