
Алакөл ауданында некеге тұрған ерлі-зайыптылар үшін отбасы құндылықтарын насихаттау, жас жұбайларға бағыт-бағдар беру мақсатында “Жанұя” отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен “Бақытты отбасы – берекелі қоғамның іргетасы” атты оқыту курсы өтті.
Отбасылар күніне орай өткен кездесуге жас отбасылармен бірге аудан жастары, үлгілі жанұялар, ардагерлер, аналар кеңесі мүшелері, және АХАЖ қызметкерлері қатысты.
Шара барысында Алакөл ауданының Құрметті азаматы Бекет Құсбеков отбасының қоғамдағы орны, жанұялық құндылықтардың мәні жайында тағылымды ой қозғап, жас жұбайларға өнегелі сөзін арнады.
Ал аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ғалия Абейталипова ата-ана тәрбиесінің маңызы мен отбасыдағы жауапкершілік туралы терең пікірін ортаға салып, жас жұбайларға ата-бабамыздан қалған асыл дәстүрді дәріптеп, балаға өнеге болудың жолын айшықтап жеткізді.
Кездесуде ауданның бас имамы Серікбек Асқарұлы жастарға отбасын сақтаудың жолдары, некенің қасиеті мен отбасы мәдениеті жөнінде тағылымды дәріс оқыды.
Сонымен қатар, орталықтың психологы Алтынгүл Тойлық “Мен әлемге керекпін, маған отбасы керек!” тақырыбында тренинг өткізіп, жас жұбайларға рухани қолдау көрсетті.

Жас отбасылар да белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарымен бөлісті.
Шара соңында “Жанұя” отбасын қолдау орталығының басшысы Алмат Садиев келген қонақтарға алғысын білдіріп, жас жұбайларға жүрекжарды лебізін арнап, естелік сыйлық табыстады.
Басқосу ардақты ақсақал Бекет Құсбековтің ақ батасымен түйінделді.

