Мобильді топ мүшелеріне оқыту курсы жалғасуда

Ақжар ауылдық округінде тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің алдын алу мақсатында мобильді топ мүшелерінің қатысуымен оқыту курсы ұйымдастырылды.

Кездесуге мобильді топ құрамындағы учаскелік дәрігер, учаскелік полиция инспекторы, жергілікті әкімдік өкілдері, Ақжар орта мектебінің директоры мен педагог-психологі, сондай-ақ әлеуметтік қызмет саласының мамандары қатысып, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған мәселелерді талқылады.

Іс-шара барысында ауылдық округ аумағында қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды ерте кезеңде анықтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әлеуметтік тәуекел топтарына жататын азаматтарға дер кезінде қолдау көрсету және тиісті мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту жолдары қарастырылды.

Сонымен қатар, орталықтың кейс-менеджері Жанару Сейдалиева қатысушыларға «FSM social» ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктерін таныстырып, аталған жүйе арқылы әлеуметтік жағдай бойынша сигнал жолдау, ақпаратты тіркеу және жедел әрекет ету тәртібін тәжірибелік түрде түсіндірді. Бұл жүйе мекемелер арасындағы байланысты жеделдетіп, көмекке мұқтаж азаматтарға уақытылы қолдау көрсетуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Кездесудің негізгі мақсаты — ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік мәселелердің алдын алу, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өзара тиімді ынтымақтастығын нығайту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру болып табылады.

Мәліметпен бөлісу: