
Алакөл көпсалалы колледжінде «Сталкинг пен қудалаудың жауапкершілігі» тақырыбында колледж студенттерімен профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында сталкинг пен қудалау ұғымдарының мәнін түсіндіру, олардың құқықтық жауапкершілігін кеңінен насихаттау және құқықбұзушылықтың алдын алу.
Кездесу “Алакөл жастары” филиалы мен “Жанұя” отбасын қолдау орталығының бірлесуімен өткізілді. Шара барысында студенттерге қоғамда жиі кездесетін қудалау түрлері, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы жасалатын қысым, заңсыз бақылау, қорқыту және жеке өмірге қол сұғу әрекеттерінің заң аясындағы салдары жан-жақты түсіндірілді.
Кездесуде “Жанұя” отбасын қолдау орталығының әлеуметтік сала жөніндегі маманы Айжан Асланқызы баяндама жасап, сталкингтің психологиялық және әлеуметтік зардаптарына тоқталды. Ол өз сөзінде кез келген қысым көрсету әрекеті адамның жеке бас бостандығына нұқсан келтіретінін атап өтіп, мұндай жағдайға тап болған азаматтардың үнсіз қалмай, тиісті орындарға жүгінуі маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар, студенттерге нақты мысалдар келтіріліп, құқықтық жауапкершілік шаралары түсіндірілді. Жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты. Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталды.

