
Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қарттарға арналған тағылымды ақпараттық кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – ата-әжелерге Рамазан айының маңызын кеңінен түсіндіріп, ораза ұстау тәртібі, денсаулыққа қатысты шариғи жеңілдіктер мен садақа мәселелері жөнінде нақты әрі пайдалы ақпарат беру.
Ақпараттық жиынға арнайы қатысқан Алакөл ауданының бас имамы Серікбек Асқарұлы Рамазан айының қасиеті, оразаның тәрбиелік мәні туралы жан-жақты баяндады. Сондай-ақ жасы үлкен кісілерге, денсаулығына байланысты ораза ұстауға мүмкіндігі жоқ жандарға шариғатта жеңілдіктер бар екенін атап өтті. Ұстай алмаған жағдайда фидия беру, пітір садақаның мәні мен тәртібі де түсіндірілді.
Кездесу барысында қарттардың көкейінде жүрген сұрақтарына да кеңінен жауап берілді.
Шара соңында бата беріліп, қатысушыларға алдағы Рамазан айын сабырмен, амандықпен, рухани молшылықта өткізуге тілектестік білдірілді.

