
Жетісу облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Байғозинов Серік Өмірханұлы Алакөл ауданының «Жанұя» отбасын қолдау орталығына арнайы келіп, мекеменің жұмыс барысымен танысты.
Кездесудің басты мақсаты – орталық қызметінің ауқымы мен бағыттарын көрсету, мамандардың күнделікті атқарып отырған жұмыстарымен таныстыру болды.
Орталық директоры Садиев Алмат Тезекбайұлы 2025 жылы атқарылған ауқымды жұмыстар жайлы баяндап, қиын жағдайға тап болған, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасыларға көрсетілетін қолдаудың маңызды аспектілерін егжей-тегжейлі таныстырды. Әсіресе мобильді топтың жұмысы, шұғыл әрекет ету алгоритмі, әлеуметтік-психологиялық және құқықтық көмек көрсету тәсілдері, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығы сөз болды.
Сонымен қатар, орталықтың «FSM social» ақпараттық жүйесі таныстырылып, оның қызмет алушыларды есепке алу, жағдайларды бақылау және көмекті жүйелі түрде көрсету процесіндегі рөлі ерекше атап өтілді. Бұл жүйе мамандардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, әр отбасының жағдайын нақты бақылауға мүмкіндік береді, қажетті көмек уақытылы жетуіне септігін тигізеді.
Кездесу барысында полиция подполковнигі ғимарат ішін аралап, қызмет алушыларға жасалған жағдайлармен танысты. Орталық қызметкерлерінің кабинеттері, қабылдау бөлмелері мен демалыс аймақтары көрсетіліп, орталықтың материалдық-техникалық базасына оң баға берілді.

