
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында “Жанұя” отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен “Зорлық-зомбылықсыз 16 күн” Республикалық акциясы аясында “Өнегелі отбасы – қоғамның берік тірегі” тақырыбында тағылымы мол кездесу өтті.
Іс-шараға ауданымыздың өнегелі, үлгілі отбасылары, жас шаңырақ иелері, полиция бөлімінің қызметкерлері және орталық мамандары қатысты.
Жиынды орталықтың құрылымдық бөлім басшысы Алмат Есенбеков ашып, отбасы институтының қоғамдағы рөлі, ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігі және өнегелі отбасылардың тәжірибесі жөнінде кеңінен тоқталды. Ол бүгінгі кездесудің басты мақсаты – жас буынның санасына отбасы құндылығын терең сіңіріп, зорлық-зомбылықсыз, мейірім мен сыйластыққа негізделген орта қалыптастыру екенін атап өтті.

Кездесу барысында Алакөл ауданының Құрметті азаматы, қоғамның белсенді тұлғалары Бекет Құсбеков, Күлпаш Жүздибаева, Ұлдаш Бипажанова және Әбен Сакипов сөз алып, отбасыдағы ата-ананың рөлі, бала тәрбиесі, отбасы құндылығы, цифрлық дәуірдегі жастардың тәрбиесі, еңбек жолындағы тәжірибелері жайлы жүректен шыққан әңгімелерін ортаға салды. Үлгілі тұлғаларымыз жас отбасыларға тағылымды кеңес айтып, өмірлік бағыт-бағдарын көрсетуге тырысты.
Жас отбасылар да өз кезегінде үлкеннің батасы мен ақылы — әр шаңырақ үшін қымбат қазына екенін айтып, берілген өсиеттерді өмірде қолдануға ниетті екенін жеткізді.

Кездесуде ерекше сәттердің бірі — өнегелі аналардың жас келіндерге “жолымызды берсін” деген ізгі ниетпен ақ орамал тарту етуі болды. Бұл ұлттық дәстүрдің жалғастығын білдіріп, ұрпақ сабақтастығының көрінісіне айналды.
Шара соңында ауданның ақсақалы Сакипов Әбен барлық қатысушы отбасыларға ақ батасын беріп, бірлік пен татулықтың, мейірім мен сыйластықтың әр үйдің төрінен табылуын тіледі.

