Жұмысшы мамандықтағы әйелдерге арналған оқыту семинары өтті

25 қараша күні “Жанұя” отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында “Зорлық-зомбылықсыз 16 күн” акциясы аясында әйел азаматтарға оқыту семинары өтті. 

Оқыту бағдарламасы жұмысшы мамандықтағы әйелдердің кәсіби дағдыларын дамытуға, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және өз мүмкіндіктерін кеңейтуіне бағытталды. 

Іс-шараға ауданның кәсіпкер әйел азаматшалары, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары, жастар,  орталыққа келуші қарттар және орталық қызметкерлерінен 50-ге жуық адам қатысып, заманауи талаптарға сай білім мен тәжірибені меңгеруге мүмкіндік алды.

Алакөл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Шынар Шаяхметова әйелдердің кәсіби дағдыларын дамыту, әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар, қайтарымсыз грантқа қатысу талаптары, қажетті құжаттар, грант алудың кезеңдері мен мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Шараға арнайы шақырылған қайтарымсыз грант иегері, жеке кәсіпкер Ақбаян Еркінова өз тәжірибесімен бөлісіп, грантты қалай жеңіп алғаны, бизнесті қалай бастағаны және алғашқы қиындықтарды қалай еңсергені туралы ой-пікірімен бөлісті.

Сонымен қатар, “SM Medical Clinic” ЖШС-гінің басшысы және тәжірибелі лаборанты кәсіп бастаудың тиімді қадамдары, қызмет сапасын арттыру жолдары және бәсекеге қабілетті кәсіпкер болудың негізгі қағидалары туралы құнды пікірін білдірді.

Оқыту семинарында әйел азаматшалар өздеріне қажетті ақпарат алып, жаңа біліммен қаруланып, кәсіби даму бағытында маңызды тәжірибе жинақтады.

Мәліметпен бөлісу: