
Қызылащы ауылдық округіндегі Қызылащы орта мектебінде ұстаздар мен жоғары сынып оқушыларына арналған кездесу ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, суицидтің алдын алу тетіктерін түсіндіру болды.
Кездесуге “Жанұя” отбасын қолдау орталығының әлеуметтік сала жөніндегі маманы Айжан Мұратова, әлеуметтік қызметкер, кейс-менеджер Жанару Сейдалиева және әлеуметтік қызметкер Алтынгүл Тойлық қатысып, өз бағыттары бойынша мазмұнды ақпараттар ұсынды.
Орталық мамандары баяндамалары барысында орталықтың негізгі қызметтері, азаматтарға көрсетілетін қолдау түрлері, қызмет алушылардың әлеуметтік жағдайларын еңсеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен мәлімет берді.
Шарада отбасының қоғамдағы орны, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі, отбасындағы жылы сөз бен түсіністіктің бала мінезі мен психологиялық дамуына әсері ерекше атап өтілді. Сонымен бірге, тұрмыстық зорлық-зомбылықты, суицидтік әрекеттердің алдын алу жолдары, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік пен буллингтің салдары, кибербуллингтен қорғану мәдениеті жан-жақты түсіндірілді.
Оқушыларға орталықтың мақсат-міндеті, атқаратын қызметі, байланыс құралдары туралы ақпараттық үлестірме материалдары таратылды.
Кездесу соңында оқушылар белсенділік танытып, мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

