Жанама ауылдық округінің тұрғындары “Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығында бас қосты

Үшарал қаласындағы “Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығында Жанама ауылдық округі ұйымдастыруымен тағылымы мол мерекелік шара өтті.

Іс-шара барысында Қарабұлақ ауылының аналар кеңесінің төрайымы Шакен Ғалиева мен Жанама ауылының аналар кеңесінің төрайымы Күлбаран Қамбарова сөз алып, ізгі тілектерін білдіріп, ауыл аналарының атынан ыстық ықыластарын жеткізді. Қонақтар орталық ұжымына естелік сыйлық тарту етіп, орталықтың игі істеріне сәттілік тіледі.

Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Бурасанқызы шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Ол сондай-ақ аналар кеңестерінің қоғамдағы бірлік пен рухани жаңғыру ісіндегі маңызды рөлін ерекше атап өтті.

Жанама ауылдық округінің әкімі Парасат Қожабеков шараға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, ауыл мен орталық арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая беретініне сенім артты.

Кеш барысында әсем ән шырқалып, мың бұралған би орындалып, күмбірлеген күймен жалғасқан өнер бағдарламасы көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жылы жүздесуге толы бұл басқосу қарттар мен аналардың құрметіне арналды. Шара соңында қатысушылар орталық ұжымына алғыстарын айтып, осындай рухани бай кездесулердің дәстүрге айналуына тілектестік білдірді.

Мәліметпен бөлісу: