Әке – отбасының тірегі

Үшарал қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы қазақ гимназиясында отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған “Жауапты әке болу: әкенің құқықтары мен міндеттері” атты танымдық кездесу өтті.

Шара Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының тапсырысы негізінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының, «Жетісу жастары ұйымының Конгресі» жастар қоғамдық бірлестігінің және Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы ММ-нің ұйымдастыруымен өткізілді.

Кездесудің басты мақсаты – жасөспірімдердің көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру, қаржылық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ әке мен отбасы құндылықтарының маңызын кеңінен түсіндіру.

Кездесуге Жетісу облысының халық шығармашылығы орталығының әдіскері, айтыскер ақын Айдарәлі Жанатбек және “Жанұя” отбасын қолдау орталығының психологі Жанар Арнаева қатысып, жастармен еркін сұхбат форматында ой бөлісті.

Айдарәлі Жанатбек жауапты әке болудың мәні мен міндетіне тоқталса, психолог Жанар Арнаева баланың тұлғалық қалыптасуында әкенің эмоционалдық қолдауы мен үлгісінің ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ, оқушыларға әкенің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі мен қоғамдағы рөлі жөнінде кеңінен айтылды.

Іс-шараға ақпараттық және әдістемелік қолдау көрсеткен – «Дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығы» КММ.

Мәліметпен бөлісу: