
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ғимаратында “Жанұя” отбасын қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен Бескөл ауылдық округінің аналар кеңесінің ұйытқы болуымен Ұстаздар мерекесі және Қарттар күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Шараға ауданның зейнеткер ұстаздары, ақ жаулықты аналар мен ардагерлер қауымы қатысты. Мерекелік кештің шымылдығын орталық басшысы Алмат Тезекбайұлы Садиев ашып, қатысушыларды қос мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде ұстаздардың өскелең ұрпаққа сіңірген еңбегі мен ардагерлердің өмірлік тәжірибесінің қоғам үшін айрықша маңызын атап өтіп, барша қонақтарға мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.

Мерекелік кеш барысында ұстаздарға орталық директоры мен “Жастар рухы” жастар ұйымының басшысының атынан алғыс хаттар табысталды.
Іс-шара барысында қатысушыларға аудан өнерпаздарының арнайы дайындалған концерттік бағдарламасы ұсынылып, әсем ән мен әсерлі жыр кештің көркін келтірді. Шара соңында қонақтарға ақ дастархан жайылды.

