
Алакөл аудандық «Жанұя» отбасын қолдау және Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйытқы болуымен 1 қазан – Қарттар күніне арналған мерекелік шара ұйымдастырылды.
Мерекеге өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласып жүрген 110-ға жуық ардагер қатысты. Қонақтарды Үшарал балалар шығармашылық орталығының домбырашылар оркестрі қарсы алып, волонтерлер арнайы құттықтау хат пен сыйлық табыс етті.
Іс-шара барысында әжелердің бастамасымен «Бауырсақ Party – 2025» акциясы өтіп, 2025 бауырсақ таратылды. Сонымен қатар, қазақы дәстүрді дәріптеу мақсатында «Тұсау кесу» рәсімі ұйымдастырылып, аудан әкімі Алмас Сапарғалиұлы кішкентай Алуаның тұсауын кесті.

Ардагерлер арасында тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, үстел теннисі және бильярдтан жарыстар өтті. Орталық келушілері компьютерлік сауаттылық пен ағылшын үйірмесінен алған білімдерін көрсетіп, тігін және сурет үйірмесінде жасалған туындылар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен бірге, Алакөл аудандық орталық кітапханасының ақын-жазушылардың шығармалары мен ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын кітаптар көрмесі ұсынылды. Шара барысында аудан әкімі орталық қызметімен, оның ішінде 115 қария тіркелген Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысымен танысып, еріктілер клубының 25 мүшесінің бастамаларын қолдады.
Мерекелік кеште аудан әкімі Алмас Сапарғалиұлы қарияларды құттықтап, өзінің жылы лебізін жеткізіп, арнайы сыйлығын табыс етті. Сондай-ақ, спорт түрлерінен жеңімпаз атанған ардагерлерге диплом, медаль мен кубок табыстады. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатай Нұрмұқашұлы мен Аналар кеңесінің төрайымы Зайра Сайранқызы құттықтау сөз сөйлеп, 90 жастағы Рысбек ақсақал ақ батасын берді.

Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасып, З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйі ұжымының ән шашуы, әжелер ансамбілі, бишілер тобы мен домбырашылар қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шара соңында қарияларға ақ дастархан жайылды.

